Дарынды оқушы – ел болашағы
10
05 февраля 2026
Мен, Кармисова Айслу Паткуллакызы №33 ҚОЖББ мектебінің
11 "а"сынып оқушысы – жүрегінде арман мен талап тоғысқан, білім мен шығармашылықты егіз өрген жас талапкермін. Өмір жолымда оқу – жай ғана міндет емес, жан дүниемді байытып, болашаққа бастар рухани шамшырақ. Ал шығармашылық – ішкі әлемімнің үн қатуы, ойым мен сезімімнің өрбіген өрнегі. Осы екі арнаны қатар ұштастыра отырып, өз болмысымды қалыптастыруды өмірлік мақсатым деп білемін.
Бүгінде барлық пәндер бойынша жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, үздік оқушылар қатарынан көрініп келемін. Биыл – мен үшін аса жауапты әрі тағдырлы кезең: 11-сынып түлегімін, «Алтын белгіге» үміткермін.
Сонымен бірге Айсын радиожурналистика мектебінде білім алып, өзімнің авторлық «Oi-Sana» бағдарламамды жүргіземін. Бұл тәжірибе ой көкжиегімді кеңейтіп, сөз саптауым мен сөйлеу мәдениетімді шыңдап, қоғамдық кеңістікте өз пікірімді еркін жеткізуге жол ашты.
Соңғы жылдардағы шығармашылық сапарым талай белесті бағындырды. Қалалық, облыстық кезеңдерде топ жарып, республикалық деңгейде бақ сынауым – үздіксіз ізденістің жемісі. Биылғы Бурабайда өткен шығармашыл оқушылар арасындағы «Ақберен» республикалық өнер байқауының эссе жазу бағыты бойынша республикалық кезеңінен II дәрежелі жүлдегер атануым – еліміздің түкпір-түкпірінен келген талапты жастар арасынан дараланып, өз үнімді таныта алғанымның айғағы. Бұл жеңіс жүрегімде сенім шырағын жағып, қаламыма қанат бітірді.
Шығармашылық салада да еңбегім елеусіз қалған жоқ. Шығармашылық еңбегім көрнекті акын, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнінің авторы Жұмекен Нәжімеденовтің туғанына 90 жыл толуына және балалар мен жасөспірімдерге арналған республикалық «Ұлан» газетінің 95 жылдығына орай ұйымдастырылған «Туған жерім менің, Қазақстаным» атты республикалык әңгімелер байкауында III орынмен бағаланып, 30 кітаптан тұратын әдеби сыйлықты қанжығама байладым. Осы жетістіктің жалғасы ретінде Алматы қаласына шақырту алғаныммен, бара алмасам да, өңірлік RIKA телеарнасының кезекті тікелей эфирінде көрерменмен жүздесіп, өз өнер жолыммен кеңінен бөлістім. Эфир барысында шығармашылық ізденістерім, алғашқы қадамдарым, арман-мұраттарым туралы сыр шертіп, көрерменге рухани әлемімнің есігін аштым. Бұл кездесу өзіме деген сенімді нығайтып, сөз өнеріне деген жауапкершілігімді тереңдете түсті әрі шығармашылық сапарыма жаңа серпін сыйлады.
Ұлы Абайдың 180 жылдығына арналған «Ақын елдің ардағы» байқауында ақынға арнаған өлеңім арқылы бірінші орынды иелендім. Бұл жеңіс – ұлттық рухпен егіз өрілген сөз қадірін терең сезінген, жүрек пен қаламның үйлесім тапқан жетістігі еді.
Ізденіске толы шығармашылық жолым Республикалық «Жарқын болашақ» байқауының қалалық кезеңінде де жалғасын тауып, «жас қаламгер» бағыты бойынша жазған әңгімеммен бірінші орынды иелендім.
Қаламымнан туған өлеңдерім республикалық газеттер мен өңірлік журналдардың беттерінде жарық көріп, осылайша поэзия әлемім кеңейіп, жас қаламгер ретіндегі үнім әдеби кеңістікте айқындала түсуде, оқырманмен тоғысқан әр сәті жаңа шабыт пен жігер сыйлап, шығармашылық сапарымды өрбіте түсуде.
Әдебиетпен ғана шектелмей, математикалық бағытта да өз білімімді дәлелдей алдым. Республикалық «Алтын түлек» байқауының өңірлік кезеңінде екінші орын иелендім.
Мектеп қабырғасында өтетін мәдени, танымдық, қоғамдық шаралардың барлығына белсене араласып, әрдайым алдыңғы қатардан көрініп келемін.
Бүгінде өз болашағымды қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығымен байланыстырып, осы жолда нық қадам жасап келемін.
Олар мені оқу-білімге баулып, өмірдің күйбең тірлігінен гөрі рухани байлықты жоғары қоюға үйретті. Үй шаруасынан босатып, кішкентай кезімнен кітаппен дос етіп, көз алдымда кітап оқып, кітапқа деген құмарлығымды оятты. Әрдайым жолымды кеспей, қанатымды қайырмай, еркін самғауыма мүмкіндік берді.
Өзге балалардан ерек қабілетімді байқап, оны шыңдап, білім бәйгесіне қосқаныңыз – мен үшін ұмытылмас еңбек.
Қазіргі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен жетекшім Байменова Айшолпан апайыма да қолдауыңыз бен сеніміңіз үшін үлкен алғыс айтамын.Үлкен додаларда жетекшілік етіп,жеңіске жетуімде сіздің де еңбегіңіз жатыр.
Сіздердің еңбектеріңіз – болашаққа салынған берік іргетас.


Бөлісу