Білім беру саласында табандылықпен еңбек етіп келе жатқан, шәкірт жүрегіне білім мен тәрбие нұрын себіп жүрген ұлағатты ұстаз Тұманбай Бакытгүл Сахиқызының «Ұстаздық – ұлы жолға 30 жыл» атты мерейлі кеші жоғары деңгейде аталып өтті.
Отыз жыл – бұл үлкен тәжірибе, үздіксіз ізденіс пен қажырлы еңбектің жемісі. Осы уақыт аралығында Бакытгүл Сахиқызы талай шәкіртке сапалы білім беріп, олардың тұлғалық қалыптасуына зор үлес қосты. Ұстаздың кәсіби шеберлігі, жауапкершілігі мен адамгершілік қасиеттері әріптестері мен шәкірттері арасында ерекше құрметке ие.
Мерекелік шара барысында ұстаздың еңбек жолы туралы бейнеролик көрсетіліп, оның білім саласындағы жетістіктері мен марапаттары таныстырылды. Мектеп әкімшілігі тарапынан алғыс хат табысталып, әріптестері жүрекжарды лебіздерін білдірді.
Шәкірттері мен түлектері ұстазға деген алғыстарын өлең-жыр, ән арқылы жеткізіп, гүл шоқтарын сыйлады. Бұл – ұстаз еңбегіне деген шынайы құрметтің айғағы болды.
Кеш соңында Бакытгүл Сахиқызы барша әріптестері мен шәкірттеріне алғысын айтып, ұстаздық жолдың жауапкершілігі мен қадірі туралы әсерлі ойымен бөлісті.
«Ұстаздық – ұлы жол» десек, сол жолда 30 жыл бойы адал қызмет етіп келе жатқан Тұманбай Бакытгүл Сахиқызының еңбегі – жас ұрпақ тәрбиесіндегі өлшеусіз үлес. Ұстаз мерейі әрдайым үстем болып, шығармашылық табыстары арта берсін!
Г.М.Бакешова. Директордың бастауыш сыныптар жөніндегі орынбасары