Ерекше білім беру қажеттіліктері бар бастауыш сынып оқушыларымен жүргізілетін дефектологиялық түзетім жұмыстарының тиімділігі
Қазіргі инклюзивті білім беру жағдайында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды психологиялық-педагогикалық қолдау маңызды орын алады. Мұндай балалардың оқу әрекетіне бейімделуі, танымдық процестерінің дамуы және әлеуметтік ортаға кірігуі арнайы ұйымдастырылған түзетім-дамыту жұмыстарын талап етеді.
Мектеп дефектологы Шотыбаева Айнур Кенесқызы жүргізетін түзетім сабақтары ерекше білім алушылардың оқу жетістіктерін арттыруға, дербес әрекет ету қабілетін дамытуға және білім беру ортасына табысты бейімделуіне ықпал етеді.
Дефектологтың түзетім сабағы – ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың психикалық және сөйлеу дамуындағы ауытқуларды түзетуге, танымдық процестерін дамытуға және олардың әлеуметтік бейімделуін қамтамасыз етуге бағытталған арнайы ұйымдастырылған педагогикалық үдеріс.
Сабақ барысында тыныс алу жаттығулары қолданылып, баланың психоэмоциялық жағдайын тұрақтандыруға, зейінін шоғырландыруға және оқу әрекетіне бейімдеу көзделеді. Түзетім жұмысы жүйелі түрде жүргізіліп, әр баланың жеке ерекшеліктері ескеріледі.
Дефектолог Айнур Кенесқызы түзетім сабақтарында арнайы әдіс-тәсілдерді, ойын технологияларын, көрнекі және практикалық құралдарды тиімді пайдаланады. Бұл баланың оқу әрекетіне қызығушылығын арттыруға, белсенді қатысуына және жағымды мотивация қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Түзетім жұмысының негізгі мақсаты – баланың даму мүмкіндіктерін барынша ашу, өзіне деген сенімділігін қалыптастыру және білім беру ортасына тиімді бейімдеу.
Түзетушілік міндеттер
Сабақ барысында келесі түзетушілік міндеттер жүзеге асырылады:
баланың психикалық және физикалық дамуындағы кемшіліктерді анықтау және түзету;
сөйлеу тіліндегі және жалпы дамуындағы ауытқуларды түзету;
қимыл-қозғалыс, сенсорлық және эмоционалдық-ерік саласындағы кемшіліктерді түзету.
Дамытушылық міндеттер
Түзетім сабақтары барысында төмендегі дамытушылық міндеттер жүзеге асырылады:
танымдық белсенділікті дамыту;
ойлау операцияларын (талдау, салыстыру, жалпылау) қалыптастыру;
ұсақ және жалпы моториканы дамыту;
өзіндік әрекетке және дербестікке баулу;
коммуникативтік дағдыларды дамыту.
Мектеп дефектологы Айнур Кенесқызы жүргізетін түзетім-дамыту сабақтары ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушылардың танымдық және тұлғалық дамуына, оқу жетістіктерінің артуына және әлеуметтік ортаға бейімделуіне оң ықпал ететіні анықталды. Сондықтан дефектологиялық түзетім жұмыстарын жүйелі түрде ұйымдастыру инклюзивті білім берудің тиімділігін арттырудың маңызды шарты болып табылады.