Домбыра үнімен өрілген есеп беру концерті мен кездесу кеші
21
28 апреля 2026
Ақтөбе қаласы №33 қазақ орта жалпы білім беру мектебінде эстетикалық пәндер бірлестік апталығының жоспарына сәйкес өткен “Домбыра үйренейік” үйірмесінің есеп беру концертіне мектеп оқушылары мен ата-аналар,мектеп ұжымы, Ақтөбе жоғарғы гуманитарлық колледжінің арнайы пәндер оқытушысы педагог- зерттеуші, республикалық "Үздік педагог-2026" марапатының иегері, облыстың құрметті ұстазы Шумакова Шолпан Ахметқызы мен Майра Саматқызының ұстазы Темірғали ағай арнайы қонақ ретінде шақырылды. Бұл кеш – тек өнер көрсету ғана емес, ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін, жас ұрпақтың рухани дамуына жол ашатын маңызды шара болды. Оқушылардың домбыраны меңгеруге деген ықыласы, сахнадағы сенімділігі мен орындаушылық шеберлігі көңіл қуантады. Осындай игі істі ұйымдастырып отырған мектеп ұжымы, әсіресе, балаларға домбыра өнерін үйретіп, олардың бойына ұлттық мәдениетке деген сүйіспеншілікті сіңіріп жүрген үйірме жетекшісі Майра Саматқызының еңбегі орасан зор.Майра Саматқызы мен жас домбырашыларға алдағы уақытта да шығармашылық табыс, өнер жолында биік жетістіктер тілейміз. Қазақтың қасиетті домбырасының үні ешқашан өшпей, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын таба берсін! Музыка пәні мұғалімі: Майра Саматқызы