Логопедтің түзету сабағы – сөйлеу тілін дамытудың тиімді жолы
6
08 апреля 2026
Қазіргі таңда балалар арасында сөйлеу тілінің әртүрлі бұзылыстары жиі кездеседі. Мұндай жағдайда логопед маманының жүргізетін түзету сабақтарының маңызы зор. 1 сынып оқушысымен логопед Уразова Ақырыс Асхатқызы сөйлеу тіліндегі кемшіліктерді жоюға, дұрыс дыбыстауға және тілдік дағдыларды қалыптастыруға бағытталған арнайы жұмыс ұйымдастырды.
Логопедтің түзету сабағы әр баланың жеке ерекшеліктеріне сәйкес жоспарланды. Сабақтың негізгі мақсаты – дыбыстарды дұрыс айтуға үйрету, сөздік қорын байыту, байланыстырып сөйлеуін дамыту және қарым-қатынас дағдыларын қалыптастыру. Сонымен қатар, баланың танымдық қабілеттерін дамыту да басты назарда болды.
Түзету сабақтары барысында әртүрлі әдіс-тәсілдер қолданылды. Соның ішінде артикуляциялық жаттығулар ерекше орын алады. Бұл жаттығулар сөйлеу мүшелерінің дұрыс жұмыс істеуіне көмектеседі. Сондай-ақ тыныс алу жаттығулары, дыбысты қою және автоматтандыру, фонематикалық естуді дамыту, тіл дамыту ойындары кеңінен пайдаланылды. Ойын элементтері баланың сабаққа деген қызығушылығын арттырып, оқу процесін жеңіл әрі тиімді етеді.
Логопедиялық түзету жұмысының тиімділігі оның жүйелілігі мен үздіксіз жүргізілуіне байланысты. Сабақтар белгілі бір жоспар бойынша кезең-кезеңімен өтеді: алдымен дыбысты қою, кейін оны буында, сөзде, сөйлемде қолдану және күнделікті сөйлеуде бекіту жүзеге асырылады. Осындай бірізділік жақсы нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Бөлісу