Білім ордамызда ұлағатты ұстаз, 40 жылдық еңбек өтілі бар Абилова Луна Аққазиевнаның мерейлі мерекесіне арналған «Шәкірттермен өрілген 40 жыл ғұмыр» атты салтанатты кеш жоғары деңгейде өтті.
Кештің мақсаты – саналы ғұмырын ұстаздық жолға арнаған ардақты жанның еңбегін дәріптеу, шәкірттерге үлгі ету және ұстазға деген құрметті арттыру болды. Мерекелік шараға мектеп әкімшілігі, әріптестер, ардагер ұстаздар, шәкірттер мен түлектер қатысты.
Салтанатты кеш ұстаздың еңбек жолынан сыр шертетін бейнероликпен басталды. Онда Луна Аққазиевнаның білім саласындағы қажырлы еңбегі, жетістіктері мен шәкірт тәрбиелеудегі табыстары кеңінен көрсетілді. Қырық жылдық ұстаздық жолында ол талай буынға сапалы білім беріп, олардың өмірден өз орнын табуына бағыт-бағдар берді.
Мектеп директоры ұстаздың кәсіби шеберлігі мен жауапкершілігін ерекше атап өтіп, қалалық кәсіподақ ұйымынан алғыс хат табыстады. Әріптестері оның адамгершілік қасиеттері мен ұжымдағы беделі туралы жылы лебіздерін білдірді. Түлектер тарапынан жолданған бейнеқұттықтаулар кештің әсерлі сәттерінің бірі болды.
Оқушылар ұстазға арнаған өлеңдерін оқып, ән шырқап, гүл шоқтарын табыстады. Бұл – ұстаз еңбегіне деген шынайы құрметтің көрінісі еді.
Кеш соңында Абилова Луна Аққазиевна барша әріптестеріне, шәкірттеріне және ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, ұстаздық жолдың жауапкершілігі мен маңыздылығы туралы жүрекжарды пікірін айтты.
40 жыл – бұл тарих. Бұл – табанды еңбек пен шәкірт жүрегінде қалған із.
«Шәкірттермен өрілген 40 жыл ғұмыр» атты мерекелік кеш – ұлағатты ұстаз еңбегіне көрсетілген зор құрметтің жарқын үлгісі болды. Ұстаз еңбегі әрдайым биік бағаланып, мерейі үстем бола бермек.
Г.М.Бакешова Директордың бастауыш сыныптар жөніндегі орынбасары