ОҚУШЫЛАРДЫ ОЛИМПИАДАҒА ДАЙЫНДАУДАҒЫ НӘТИЖЕЛІ ЖҰМЫС ТӘЖІРИБЕСІ
32
16 февраля 2026
ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫ МЕН ҚҰҚЫҚ ПӘНДЕРІ БОЙЫНША ОҚУШЫЛАРДЫ ОЛИМПИАДАҒА ДАЙЫНДАУДАҒЫ НӘТИЖЕЛІ ЖҰМЫС ТӘЖІРИБЕСІ
Қазіргі білім беру жүйесінде оқушылардың зияткерлік әлеуетін дамыту, тарихи санасын қалыптастыру және құқықтық сауаттылығын арттыру – мұғалім қызметіндегі басты міндеттердің бірі болып табылады. Осы бағытта Қазақстан тарихы мен құқық негіздері пәндері бойынша дарынды және ынталы оқушылармен жүйелі жұмыс жүргізу ерекше маңызға ие.
Менің педагогикалық тәжірибемде оқушыларды қалалық және облыстық пәндік олимпиадаларға дайындау – негізгі бағыттардың бірі. Жыл сайын шәкірттерім Қазақстан тарихы және құқық пәндері бойынша өткізілетін қалалық, облыстық олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болып келеді. Бұл жетістіктер жоспарлы жұмыстың, тиімді әдіс-тәсілдердің және оқушы мен мұғалім арасындағы өзара сенімге негізделген ынтымақтастықтың нәтижесі деп білемін.
Атап айтқанда, қалалық пәндік олимпиадада оқушыларым Бексұлтан Ислам – I орын, Амандаулет Наз – II орын иеленіп, облыстық кезеңге жолдама алды. Ал облыстық олимпиада қорытындысы бойынша екі оқушым да жүлделі III орынмен марапатталды. Бұл нәтижелер жүйелі дайындық пен мақсатты жұмыстың айқын дәлелі.
Олимпиадаға дайындық барысында ең алдымен оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыруға ерекше көңіл бөлемін. Сабақта тек теориялық білім берумен шектелмей, тарихи деректерді талдау, құқықтық жағдаяттарды шешу, пікірталас, дебат, тест тапсырмалары мен шығармашылық жұмыстарды кеңінен қолданамын. Мұндай әдістер оқушылардың сыни ойлау қабілетін дамытып, өз пікірін дәлелді әрі сауатты жеткізуге үйретеді.
Қазақстан тарихы пәні бойынша оқушылар тарихи кезеңдерді салыстырып талдауға, себеп-салдарлық байланыстарды анықтауға, дерек көздерімен жұмыс жасауға дағдыланады. Ал құқық негіздері пәнінде заң нормаларын өмірмен байланыстыра отырып түсіндіру, нақты жағдайларға құқықтық баға беру, Конституция мен заңдарды дұрыс қолдану машықтары қалыптастырылады.
Олимпиадаға дайындық кезінде жеке жұмыс түрлеріне де баса назар аударылады. Әр оқушының қабілеті мен білім деңгейіне қарай жеке тапсырмалар беріліп, әлсіз тұстары анықталып, жүйелі түрде толықтырылып отырады. Сонымен қатар, өткен жылдардағы олимпиада тапсырмаларын талдау арқылы оқушылардың тәжірибесі нығайып, өз күшіне деген сенімі артады. Тест тапсырмалары мен эссе жазуға арналған арнайы материалдар ұсынылып, қосымша дереккөздермен өздігінен іздену тапсырмалары беріледі.
Оқушылардың жетістігі – мұғалім еңбегінің басты көрсеткіші. Пәндік олимпиадалардағы жүлделі орындар шәкірттерімнің білімге деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың болашақ мамандық таңдауына, азаматтық көзқарасының қалыптасуына да оң әсерін тигізуде.
Алдағы уақытта да Қазақстан тарихы мен құқық негіздері пәндері арқылы елін, жерін сүйетін, заңды құрметтейтін, өз ойын ашық айта алатын, бәсекеге қабілетті тұлға тәрбиелеу – менің негізгі мақсатым болып қала береді.
Ильясова Жемис Ерболековна
тарих және құқық негіздері пәнінің мұғалімі
Бөлісу