«ТАРИХ & AI» АПТАЛЫҒЫ: ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР МЕН ЗАМАНАУИ ОЙЛАУ ТОҒЫСҚАН ТАҒЫЛЫМ АЛАҢЫ
5
29 января 2026
2026 жылғы 19–23 қаңтар аралығында мектебімізде тарих пәні бірлестігінің ұйымдастыруымен «ТАРИХ & AI» атты пәндік апталық жоғары деңгейде өтті. Апталықтың басты мақсаты – білім алушылардың тарихи санасын қалыптастыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, отансүйгіштік рухты нығайту, сонымен қатар заманауи технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану арқылы оқушылардың зерттеушілік, сыни ойлау және шығармашылық қабілеттерін дамыту болды.
Апталықтың ашылу салтанаты 19 қаңтар күні мектеп фойесінде өтіп, оқушыларға тарихтың – ұлт жады, ал білімнің – болашақ кепілі екендігі кеңінен насихатталды. Ашылу барысында «Адалдық», «Жауапкершілік», «Құрмет», «Еңбек», «Отансүйгіштік» құндылықтары негізгі бағыт ретінде айқындалып, апталық бойы өтетін іс-шаралардың мазмұнымен ұштастырылды. Көрмелер мен ақпараттық бұрыштар оқушылардың қызығушылығын арттырып, тарихқа жаңаша көзқарас қалыптастырды.
Осы күні 6 «Ә» сыныбында Нұрлыбаева С.Қ. өткізген «Моңғол шапқыншылығының салдары» тақырыбындағы ашық сабақта оқушылар тарихи оқиғаларды талдай отырып, ел бірлігі мен тәуелсіздіктің құндылығын терең түсінді. Сабақ барысында әділдік, жауапкершілік және ұлттық тұтастық идеялары айқын көрініс тапты. Цифрлық ресурстарды қолдану арқылы оқушылардың функционалдық және ақпараттық сауаттылығы дамытылды.
20 қаңтар күні Ильясова Ж.Е. ұйымдастырған «Тарихи танымдық интеллектуалдық ойын» оқушылардың білімге құштарлығын арттырып, адал бәсекелестік, ынтымақтастық және өзара құрмет құндылықтарын қалыптастыруға бағытталды. Топтық жұмыс арқылы оқушылар бірін-бірі тыңдап, ортақ шешім қабылдаудың маңызын ұғынды.
21 қаңтарда Зайнуллина Г.М. өткізген «Берел қорғандары» тақырыбындағы ашық сабақта оқушылар ұлттық мұраның құндылығын сезініп, тарихи ескерткіштерді қорғау – ұрпақ алдындағы азаматтық парыз екенін түсінді. Сабақ мазмұны «Ұлттық бірегейлік», «Мәдени мұра», «Құрмет» құндылықтарын дәріптеуге бағытталды.
22 қаңтарда өткен «Тарих керуені» шарасында Амантаева К.М. оқушылармен тарихи кезеңдерге шолу жасап, тұлғалардың ел дамуына қосқан үлесін зерделеді. Бұл іс-шара жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік, елге қызмет ету, еңбекқорлық қасиеттерін қалыптастыруға ықпал етті. Ал Жусипова Г.Б. өткізген «Отбасы бюджетін жоспарлау» атты сыныптан тыс шарада жауапкершілік, үнемшілдік, адал еңбек және саналы таңдау құндылықтары насихатталып, оқушылардың өмірлік дағдылары дамытылды.
Апталықтың қорытынды күні «Қазақстанның болашағы – білімді ұрпақ» тақырыбындағы іс-шарада Нұрлыбаева С.Қ. оқушылармен білімнің, тәртіптің және азаматтық ұстанымның ел болашағындағы рөлін талқылады. Бұл шара жас ұрпақтың бойында көшбасшылық, патриотизм және әлеуметтік жауапкершілік қасиеттерін нығайтты.
Апталықтың жабылу рәсімінде белсенді қатысқан оқушылар марапатталып, тарих пәнінің тәрбиелік маңызы ерекше атап өтілді.
Қорытындылай келе, «ТАРИХ & AI» апталығы оқушылардың тарихи білімін тереңдетіп қана қоймай, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарға негізделген тұлға қалыптастыруға, саналы, отансүйгіш, білімге құштар ұрпақ тәрбиелеуге зор үлес қосты.

Бөлісу